ШЫМКЕНТТЕ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША АКТИВ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін, 2 қыркүйек күні Шымкент қаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған қала активінің жиыны өтті.
Қала әкімі Жолдауда көрініс тапқан жеті бағытты және жария етілген бес бастаманы қала көлемінде жүзеге асыру бойынша нақты шаралар жүзеге асырылатынын айтты.
«Президент «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдады. Биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша қаламызда былтырғымен салыстырғанда 6 есе көп қаржы қаралып, 4,8 млрд. теңгені құрады. Жеті айдың қорытындысымен 970 жоба 3 млрд. теңгеге жуық қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биыл 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланып, бұл мақсатқа 83,4 млрд. қаржы қаралды. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірді. Оның ішінде 61 жоба қаржыландырылды»,-деді қала әкімі.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай қайта өңдеу экпортының көлемін 1,5 есе – 24 млрд долларға дейін, ал еңбектің өнімділігін 30 пайызға көтеру міндетін белгіледі. Бұл бойынша қалада шикізат емес секторда экспорт көлемін ұлғайтуда 2025 жылға дейінгі мерзімде экспортқа бағдарланған 62 жоба іріктеліп, экспорттық әлеуетті 608 млрд. теңгеге жеткізу жөнінде жоспар түзілді. Биылғы жеті айда 10 жобаның экспорттық көлемі 54,5 млрд теңгені құраған.
Жолдауда мал шаруашылығы мен аграрлық салада маңызды міндеттер белгіленгеніп, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екендігі баса айтылды.
Қала басшысы айтылған міндеттерді жүзеге асыруда Шымкентте құрылысы басталған 2 агроиндустриалды аймақтың есебінен қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Ол өз сөзінде ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып, құны 23 млрд. теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асатынын. Екінші аймақта 136 гектарға заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынып, онда 30 млрд. теңгеге 2 000 жұмыс орнымен 20 жоба жүзеге асатынын мәлім етті.
«Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент заманауи цифрлық технологиялар трансфертін айрықша маңызды екенін айтты. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілуі тезірек шешімін табуы керек деген басымдық айқындалды. Бұл бағытта қаламызда геопортал жүйесін әзірлеуді қолға алдық. Жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, инженерлік желілер салалары бойынша жүйелі ақпараттық деректер қалыптастырылуда. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылатын болады»,-деді М.Әйтенов.
Мемлекет басшысы отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін бүгінгі 17 пайыздан 50 пайызға жеткізу межесін белгіледі. Қалада фармацевтикалық кластер дамыған. Медицина жабдықтарының өндірісі де жолға қойылған. Ал, бұқаралық спортты дамыту бойынша мегаполисте биылдан бастап шалғай елді мекендерде 115 спорт алаңшасын орналастыру бастамасы іске асырылуда. Спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Өзінің қорытынды сөзінде Мұрат Әйтенов Президент белгілеген жұмысты өз деңгейінде атқаруға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Қала басшысы мегаполис экономикасының дамуына оң әсерін тигізетін саяси құжатта айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін өзінің орынбасарлары мен салалық басқармаларға бірқарат нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала активінің отырысында қалалық мәслихат депутаты, ардагерлер кеңесінің төрағасы, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы мен қоғамдық ұйым өкілдері Жолдаудағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты пікірлерін білдірді.
Жиынға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер,қалалық мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқармалардың басшылары,жастар және БАҚ өкілдері қатысты.