ШЫМКЕНТ: Техникалық оңалту құралдарының 55 түрін онлайн тапсырыс беруге болады

129

Халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау мен қолдау – әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қалада 36 823 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде 6 391-і – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар.

Аталған осал топтарға және ардагерлерге мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы 13 түрлі көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру тәжірибесі іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар техникалық оңалту құралдарының 55 түрін және қызметтердің 3 түрін өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, онлайн тапсырыс беруге қол жеткізілді.

Әлеуметтік портал арқылы протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ, кресло-арбалармен қамтамасыз ету қарастырылған. Арнайы әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емдеу қызметтері де кіреді.

Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйінен шықпай-ақ ЭЦҚ көмегіне сүйенуге мүмкіндік беруде. Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша 26 714 өтініш қабылданып, 16 308 мүкіндігі шектеулі азаматқа оңалту құралдары жеткізілген.

Мүгедектігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламасында техникалық, протездік-ортопедиялық және гигиеналық құралдар қажеттілігі көрсетілген болса, «әлеуметтік портал» арқылы тегін тапсырыс бере алады. Егер азаматтар техникалық оңалту құралының қымбат түрін таңдаған жағдайда, үстіндегі ақшасын өзі төлеп алуына болады.

Advertisements