ШЫМКЕНТ: Достық тұрғын алабы жыл соңында сапалы электр қуатымен қамтылады

161

Достық тұрғын алабын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шымкент қаласының Қаратау ауданы аумағында орналасқан Достық тұрғын алабын сапалы электр қуатымен қамту жұмысы «Жолсерік» ЖШС тарапынан биылғы жылдың маусым айында басталған.

Осы жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылау мақсатында қала әкімі М.Әйтеновтің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта мұнда 224 электр бағанасы орнатылып, 14 шақырым электр желісі тартылды. Құрылыс жұмыстарының 70 % аяқталды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады.

Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-мен әр үйге жеке есеп шот ашып, электр қуатына қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Нәтижесінде Достық тұрғын алабындағы 234 отбасы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

 

Advertisements