Жолдауындағы негізгі қағидаларды жүзеге асыру жөнінде қала активінің жиыны өтті

142

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі қағидаларды жүзеге асыру жөнінде қала активінің жиыны өтті.

Жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Қала әкімі Жолдауда айтылған жеті бағыт пен бес бастаманы қолға алу үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
— Президент Жолдауына орай еліміздің стратегиялық бас құжатын талқылау еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Мемлекет басшысы биыл 30 жыл толатын ел Тәуелсіздігінің нығаюына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи үлесі барын ерекше атап өтті. Және Жолдауда пандемиядан кейін өрісі тарылған экономиканы қайта жандандырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін сақтап қалуға күш салу керегіне бас назар аударды. Мұнымен қоса Президент «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаламызда былтырғымен салыстырғанда 6 есе көп қаржы қаралып, көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Жеті айдың қорытындысымен 3 млрд теңгеге жуық қаржыға 970 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биыл 80 жобаның несиесін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарлануда. Бұл мақсатқа орай 83,4 млрд теңге қаралды. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірсе, соның 61-і нақты қаражатқа қол жеткізді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Advertisements