ЖОЛДАУ: 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 1,5 есеге өспек

114

Қала әкімі Президенттің 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемін 1,5 есеге, яғни 24 млрд долларға дейін, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға көтеру жөніндегі тапсырмасын атап өтті. Бұл ретте Мұрат Дүйсенбекұлы қаланың шикізаттық емес секторында 2025 жылға қарай сыртқа өнім шығаруға бағдарланған 62 жобаның іріктелгенін және экспорт табысын 608 млрд теңгеге жеткізу жөнінде жоспар түзілгенін баяндады. Биыл жеті айда 10 жобаның экспорттық көлемі 54,5 млрд теңгені құрағаны жөнінде дерек келтірді.
Жолдауда айтылған бюджет тақырыбы бойынша шаһар басшысы мемлекеттік қазына қаржысын тиімді пайдалану мен шығындарын қысқарту жөнінде жауапты басқармаға тапсырма жүктеді.
Қала әкімі Президент Жолдауында мал шаруашылығы мен аграрлық салада маңызды міндеттер белгіленгеніп, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Ауыл шаруашылығы бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді Шымкенттегі құрылысы жүріп жатқан 2 агроиндустриалды аймақтың есебінен орындауға болатынын жеткізді.
Әкім баяндамасында осы мақсатқа сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылатыны және онда құны 23 млрд теңгеге 1 810 адамды жұмыспен қамтитын 21 жоба іске асатыны айтылды. 136 гектарды алып жатқан екінші агро индустриалды аймақта заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынып, 30 млрд теңгеге 2 000 жұмыс орны құрылатыны және 20 жоба жүзеге асатыны мәлім болды.

Advertisements