ШЫМКЕНТ: Шалғай елдімекендерде 115 спорт алаңшасын ашу бастамасы іске асырылуда

92

Шаһар басшысы Президенттің отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін 17 пайыздан 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын атап өтті. Осы орайда қалада фармацевтикалық кластер жақсы дамығанын, соның ішінде медицина жабдықтарының өндірісі жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ Жолдаудағы вакцина алу мәселесіне қатысты Шымкентте екпе салдыру тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді. Қала әкімінің сөзінше, тұрғындардың денсаулығын сақтау – басты міндет. Сондықтан скрининг талдаулары, стандартты екпелер өз мерзімінде атқарылатын болады. Профилактикалық іс-шараларға басымдық беріледі. Мұрат Дүйсенбекұлы медицинадағы вакцина салу, халық денсаулығын жақсарту жұмыстарын үйлестіруді қалалық денсаулық сақтау басқармасына, ал медициналық препараттар мен құрал-жабдықтар өндіретін кәсіпорындарды тиісті қолдау тетіктерімен қамтамасыз етуді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына жүктеді. Және Жолдауда белгіленген бағытқа сәйкес жергілікті атқарушы орган басшыларының қызметін әлеуметтік сауалнама арқылы бағалап отыруды тапсырды.

—Бұқаралық спортты дамыту бойынша мегаполисте биылдан бастап шалғай елдімекендерде 115 спорт алаңшасын ашу бастамасы іске асырылуда. Спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекет басшысы Жолдауда елді қоғамдық бірлік пен ұлтаралық татулықты сақтауға шақырды. Сонымен бірге, Президент айтқандай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі ғана емес, ғылым мен білімнің тіліне айналады. Сондықтан әр азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс. Бірақ Конституция бойынша орыс тілі ресми тіл болып қала береді, – деді қала әкімі.

Актив жиналысында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Төрайым Сұлтанова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов жарыссөзге шығып, Жолдауға байланысты пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Президент Жолдауын жан-жақты насихаттау қажеттігін мәлімдеді. Бұл орайда мегаполисте арнайы насихат топтары құрылғанын, олар кестеге сәйкес әр сала бойынша еліміздің бас құжатын тұрғындарға жеке-жеке түсіндіретінін баяндады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді өз деңгейінде атқаруға барлық мүмкіндіктер бар екенін, сондықтан оларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істеу керегін баса айтты.

Advertisements