Жолдауда көтерілген көп мәселе оның орындалуына байланысты
Жыл сайын Президент Жолдауын жариялағанда «не айтылыпты, қандай жаңалық бар екен» деп елеңдейтінміз рас. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму бағытын айқындап, межелі жоспар құрып, оны орындаудың жаңаша тәсілдерін көрсетіп берді. Тек мұнайға сеніп отыратын уақыт өтті, енді әртараптандыру мен технологияға негізделген экономика құру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігін баса айтты.
Әсіресе, әлемдік пандемия есеңгіретіп отырған кезеңде әрбір мемлекеттің экономикалық кедергілерге қарамастан дамуы маңызды болып тұр. Осындай сын сағатта бар күш-жігерімізді бір бағытқа біріктіргеніміз нәтижесін беруде. Президент айтты, біз табандылық пен зор жауапкершілігіміздің арқасында үлкен қиындықты еңсердік. Енді алдымызда тұрған басты міндет – экономикалық дамуды ілгерілету, жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыру. Жолдауда осы және өзге де айтылған мәселелер бойынша Үкіметке тапсырмалар берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, Президент Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. «Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі». Ал орыс тілі – ресми тіл. Дегенмен, көп жағдайда орыс тіліне басымдық берілетіні белгілі. Осы тұрғыда Қ.Тоқаев орыс тілінің қолдануына кедергі келтірмеу керегін бірақ, осы мемлекетте тұрамын, болашағымды Отаныммен байланыстырамын дейтін әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін де айтты. Сондықтан, бұл мәселені бір жақты түсініп, аттандаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Жолдауда білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы басқа да салалар бойынша тың жаңалықтар көп. Сондай-ақ, қалай біртұтас ұлт боламыз, дамудың қай жолымен жүрген дұрыс деген дүдәмал ойларға тұщымды жауапты да осы Жолдаудан табуға болады. Ең басты мәселе, біз білімді ұрпақ тәрбиелеп, қалыптастыруымыз керек. Олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бұру маңызды.
Жалпы, Жолдауда көтерілген көп мәселе оның орындалуына байланысты. Сондықтан, Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмалар тиісінше уақтылы, сапалы орындалып отырса, елдің де жағдайы бүгінгіден әлдеқайда алға жылжыған болар еді.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, мемлекет және қоғам қайраткері