Шымкент қаласында 60-тан аса гид-экскурсовод бар

103

Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада 60-тан аса гид-экскурсовод бар. Олар қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын, түрік, неміс, испан тілдерін жетік меңгерген. Мамандардың айтуынша, қалаға келушілердің басым бөлігі ағылшын және түрік тілдерінде жиі ақпарат сұрайды. Бұл статистика Шымкент қаласына түріктер мен европалықтар жиі келетінін аңғартады.

Айта кетерлігі, басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жыл сайын гидтердің біліктіліктерін арттыру мақсатында бірнеше семинар-тренинг өткізеді. Одан өзге, орталықтың Visit-Shymkent.kz интернет порталында «гид-экскурсоводтар» бөлімі арқылы олардың қызметі туралы толық анықтама алуға болады, яғни, кез-келген турист порталды ашып, қалаған саяхатты таңдай алады.

Шымкент қаласына келген әрбір қонақ шаһардың көркем жерлерін, тарихи-мәдени ескерткіштерін және табиғаты мен халықтың тыныс-тіршілігімен танысуға қызығып, гидтар мен аудармашылардың қызметіне сұраныспен жүгініп отырады.

Аталған тарихи орындарға Қазақстанның өзге қалаларынан және шет елдерден келуші азаматтар қатары көбейген. Олар міндетті түрде қаланың көрікті жерлерімен қатар тарихи орындарын да тамашалайды. Сол себепті, оларға қызмет етер гид-экскурсоводтарға да ерекше назар аударылған.

Advertisements