ШЫМКЕНТ: Мәжіліс депутаты Ф.Қаратаев коллектор құрылысының барысымен танысты

110

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Фахриддин Әбдінәбиұлы Қаратаев Арғынбеков көшесінің бойымен салынып жатқан коллектор құрылысының барысымен танысты.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында қаланың шетіндегі 81 елді мекеннің 18-інде ғана кәріз құбырлары бар. Қала бойынша көрсеткіш – 49,1 пайыз. Алдағы уақытта 63 елді мекенді кәріз жүйесіне қосу жоспарланған.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы өзінің сайлауалды бағдарламасын орындау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Және сол атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты түрде зерделеп отырады. Арғынбеков көшесі бойымен салынып жатқан коллектор Шапағат, Ұлағат, Мирас және Нұртас шағын ауданындағы жеке үйлердің шайынды суын сыртқа шығаратын жүйе. Бұл тек тұрғындар үшін ыңғайлы жағдай жасау емес, экологиялық ахуалдың да жақсаруына ықпал ету. Коллектор құрылысына 3,138 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оған 13,1 шақырым болатын, диаметрі 1,2 метр құбыр салынады.

Мердігер компания «Сарағаш-Аман» ЖШС-і бүгінде жұмыстың жартысы біткенін хабарлады. Көпқабатты үйлердің арасында жүргізілген құрылыс біршама уақытты қажет еткен. Нұрсәт шағынауданы аумағынан шыққан соң, соңғы нүктесіне дейін аралықты тез бітіруді жоспарлапты.

Мәжіліс депутаты Ф.Қаратаев коллектор құрылысын мерзімінде тапсырудың маңызы үлкен екенін айтты. Жұмыстың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Advertisements