ШЫМКЕНТ: «I-kolik» қосымшасы мен avtopark-shymkent.kz сайты іске қосылды
Шымшаһарда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қалада қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызбасы әзірленген болатын. Соның нәтижесінде мегаполиске су жаңа автобустар сатып алына бастады. Бірқатар бағыттар жаңарып, электронды «TOLEM» жүйесі енгізілгені белгілі. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы саланы цифрландыруда көш ілгері келеді десек, артық айтқандық емес. Сөзімізге дәлел ретінде биыл «I-kolik» қосымшасы мен avtopark-shymkent.kz сайты іске қосылды.
Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы аясында қалада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан Қалалық оқыту және сертификациялау орталығының директоры Жандос Сардаров қоғамдық көлік мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары қарқын алғанын жеткізді. Енді қоғамдық көлік жүргізушілері бес күндік оқу курсына қатысып, мамандардан «Жолаушыларды тасымалдау ережесі» және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша білім алады.