2021 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАП 30 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА КЕЗЕКТІ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫ ӨТЕДІ
Биылғы халық санағы бұл жолы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі тұрғындардың үйлерін аралау арқылы.
Ұлттық халық санағының 1-кезеңінде шаһарда санақ жүргізушілер тұрғын үйлер мен онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елдімекенді аралап, аудандастыруға дайындықты қарқынды жүргізген болатын.
Ал, онлайн түрде тұрғындар санақтан 1 қыркүйектен бастап 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайты арқылы өте алады. Арнайы сайт арқылы санақтан өту үшін азаматтың ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы) және ЖСН-ы (жеке сәйкестендіру нөмірі) болуы тиіс. Интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.
Айта кетсек, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының барлық аудан бөлімшелерінде ұлттық халық санағына қатысуға арналған бұрыштар ұйымдастырылған. Яғни, тұрғындарға өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында онлайн түрде қатысуға мүмкіндік жасалынбақ. Санитарлық талапқа сәйкес, бөлімшелерге «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге міндеттелген.
Нақты есеп нәтижесі ұлттық санақтың 2-кезеңінен соң мәлім болады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.
Ал, 1-30 қазан аралығында санақ кезінде персоналдары үй-үйді аралайтын болады. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.