ШЫМКЕНТ: Индустриалды аймақтар мегаполис экономикасының драйвері
2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды.
Бағдарламаның бірінші кезеңі 2014 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Кейін 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі іске асырылды. Қазіргі таңда 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңі жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке ДҮЙСЕБЕКОВТІҢ мәліметінше, ҮИИД-тің бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерді, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.
Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапты. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты.
2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан.