Шымкентте апатты мектептер проблемасы толығымен шешілді

160

 

Шымкент жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Ал үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді.  Бұл туралы бүгін өткен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Miras» және «Білім және ғылымды дамыту» жөніндегі кеңестерінің бірлескен отырысында  Шымкент қаласының Білім басқармасының басшысы Ж.А.Тәжиева баяндады.

Отырысқа  «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ж.Ә.Бектаева, қоғамдық кеңес төрайымдары К.С.Айдарбекова, Б.Қ.Исабек, қоғамдық кеңес мүшелері, тиісті басқарма басшылары, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Мәжіліс барысында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын а.ж. 6-айында  орындалуы бойынша Шымкент қаласының Білім басқармасының басшысы Ж.А.Тәжиева және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Д.М.Бақов баяндама жасады.

Шымкентте Сайлауалды бағдарламаның «Әлеуметтік саланы дамыту» бағытында білім саласында қуанышты жаңалық көп. Биылғы жылы 32 мектептің құрылысы басталып, 20 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Оның ішінде бюджет есебінен  4 мектеп болса, 16-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатыр.

Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді. Биыл білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасына көп көңіл бөлініп отыр. Мектептерді жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Қала мектептеріндегі оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Сол себепті мектептер физика, химия, биология, робототехника, СТЕМ-ге арналған 278 арнайы пәндік кабинетпен жабдықталады. Жабдықталу 32 пайыздан 60 пайызға  өседі.

Кеңес мүшелері тарапынан  мәдениет және туризм саласына қарасты  мекемелердің жұмысы бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Мәселен, кітапханалардың жұмысын жандандыру, жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жасау және іске асыру және көшпелі кітапхана жұмысын қайтадан ұйымдастыру бойынша ұсыныс берілді.

Мәжіліс қорытындысы айтылған ұсыныстар мен пікірлер негізінде хаттама түзіліп, ол атқарушы органдарға орындау үшін жолданатын болды.

Advertisements