Шымкентте қандастарға қолдау көрсетілуде

114

Әр қиырдан оралған қандастарды атажұртқа бейімдеу бағытында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы»  6 ай мерзімге келушілерге қызметтер ұсынады.

— Қаламызға келген қандастарымыздың  арасында шешімін таба алмай қиналатын  мәселелері  көп болады.   Соның ішінде ең бастысы — жұмысқа орналасу. Осы мәселелерді шешу мақсатында  біздің орталық  2 айлық тегін мамандық бойынша оқу курстарымен қамтамасыз етеді, — дейді орталық басшысы Ақмарал Досбаева.

Аталмыш орталықтың қолдауына ие болғандардың  бірі- «Аспазшы» мамандығын оқып жатқан Өзбекстан Республикасынан келген қандастарымыз Моминходжаева Фатима.  Ол  жолдасы Данияр Исаховпен бірге алдағы уақытта ерлі-зайыптылар өз кәсіптерін жүргізсек деген ниетте. Олар бүгінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде «Бастау бизнес» жобасына   қатысуға ниет білдіріп, орталық мамандарымен бизнес жоспарын әзірледі.   Алдағы уақытта  «Аспазшы» мамандығын оқып бітірген соң, дәмхана  ашып, кәсібін дөңгелетсек деген ойда екен.

Орталық 12 түрлі мамандық бойынша тегін оқытады. Олар: тігінші, кондитер, есепші, компьютер графикасы, шаштараз және т.б.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ресми мәлімдемесіне сәйкес, Шымкент қаласы бойынша 2021 жылдың 1 маусымына 562 отбасы (759 адамға) қандас мәртебесі берілген.

Advertisements