Шымкент : Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 7,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді

132

Шымкентте 2021 жылдың 5 айында  36 969 әлеуметтік аз қамтылған   отбасыға 7,3 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы көмекті алушылардың ішінде 1-6 жасқа дейінгі балалары бар отбасылардағы 34 193 балаға «Грамад» сауда орталығы арқылы 131 392 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлім етті. Қала әкімінің орынбасары халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды саланың бірі –қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2021 жылдың 5 айы бойынша атқарған жұмыстарына  тоқталды.

– Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек — табысы төмен азаматтарға төленетін уақытша мемлекеттік қаржылай қолдау. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында ең алдымен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуымыз қажет. Осыған орай «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 21 841 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2021 жылдың 5 айында 9 155 адам немесе жоспар 41,9 пайызға орындалды, – деді қала әкімінің орынбасары.

2021 жылдың 5 айында 961 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жіберілді, 7 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді, 3 750 адам бос жұмыс орындарына, 175 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 870 адам жастар практикасына, 2 808 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасты. Яғни, азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген және мүмкіндікі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету де басты назарда. Бүгінгі таңда  Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 81 241 адамды құрайды. Оның ішінде 20 ҰОС ардагері және 3244 тыл еңбеккерлері бар. Көп балалы аналар саны – 43 281, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 10 198, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 794 бала және мүгедектігі бар балалар саны – 5761, сондай-ақ Үкімет қаулысымен бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адамдар саны – 490.

Әлеуметтік қолдау мақсатында оларға мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы 13  көмек түрлері көрсетілуде. Санаторлық-курорттық шипажайларға өтініштері бойынша жолдама беріледі.

Жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар техникалық оңалту құралдарының 55 түрін және қызметтердің 3 түрін өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді.

Advertisements