ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 1700 КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН «ASHYQ» ЖҮЙЕСІНЕ ТІРКЕЛГЕН

146


Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары М.Тәжібаев аудандағы мониторинг топтың атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Оның айтуынша, ауданда 1700 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған.

– Ауданда карантиндік талаптардың бұзылуы анықталған жағдайда әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Рейд жұмыстарын жүргізу үшін жыл басынан ауданда 6 мониторингтік топ жұмыс атқарып келеді. Жүйелі жұмыстың арқасында жыл басынан бері 31 174 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, оның 513-не айыппұл салынды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, мониторингтік топпен күнделікті нысандарды аралау барысында 98 той-томалақ тоқтатылды. Бүгінде Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 15 тойханаға жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен құрылған арнайы экипаждар аталған нысандарды тәулік бойы бақылайды.

Жиын барысында мониторинг топ жұмысының тиімділігін арттыру мен әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша ұсыныстар айтылды. Оған аудандық прокуратура, аудан әкімдігі қызметкерлері, мониторинг топ мүшелері, аудандық полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, санитарлық эпидемиологиялық басқармасының өкілдері қатысты.

Advertisements