БИЫЛ АШЫЛҒАН МЕКТЕПТЕР ЦИКЛІ: «125 HIGH SCHOOL»

146


Шымкентте үш ауысымдағы мектептер мәселесі 2024 жылға дейін шешіледі. Аталған жұмыстар білім саласын дамытудың 5 жылдық жоспарында қамтылған. Мұндай өзекті мәселенің түбегейлі шешілуі білімді ұрпақ тәрбиесі үшін өте маңызды.

Қалада 10-11 сыныптарға арналған «125 HIGH SCHOOL» мектебі Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысатын оқушылар үшін ерекшеленіп отыр. Аталған мектеп осы жылдың 1 қыркүйегінен өз жұмысын бастады. Қазір мұнда 254 оқушыға 48 мұғалім ҰБТ сынағының жеті бағыты негізінде білім беруде. Мектеп директоры Оралхан Темірханұлының сөзінше, мектепте оқушыларға білім беру ақылы түрде жүргізіледі. Дегенмен, жан басына қаржыландыру бағыты бойынша «Қаржы орталығына» құжат тапсырып, өтінім берілген.

–Біздің мектепте оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай 8 түрлі жеңілдік қаралған. Мемлекет тарапынан мектебіміз қаржыландырылса білім алушылардың төлемақысына көп жеңілдік болар еді. Осы мақсатта құжаттарымызды тиісті мекемеге тапсырып, жауабын күтіп отырмыз, -деді ол.

«125 HIGH SCHOOL» мектебі еліміздің 7 өңірінде оқу орталығы негізінде жұмысын бастаған. Қазір 27 орталық ішінде жетеуі мемлекеттік лицензиясы бар мектептер желісі болып жұмысын жалғастыруда. Білім мекесінің негізгі миссиясы – бітіруші сыныптарды мектеп пен дайындық курсын екі жақты оқымай, арнайы методика негізінде бір жерден білім беру.

Ұстаздардың айтуынша, білім алушылардың 70 пайызы химия-биология мен физика-математиканы таңдаған. Сонымен бірге, география –математика, дүниежүзі тарихы-ағылшын тілі және адамның қоғамдағы құқығы-тарих бағытында оқиды.

Мектеп кәсіби бағдар беру, компьютерлік тестілеу, менторлық жүйе, «Коворкингті» орталық және сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын мотивациялық іс-шаралар өткізу жүйесін де тиімді жүзеге асыруда.

Advertisements