Қала әкімі Жолдауда көрініс тапқан жеті бағытты жүзеге асатынын айтты
Шымкент қаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған қала активінің жиыны өтті.
«Президент «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдады. Биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша қаламызда былтырғымен салыстырғанда 6 есе көп қаржы қаралып, 4,8 млрд. теңгені құрады. Жеті айдың қорытындысымен 970 жоба 3 млрд. теңгеге жуық қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биыл 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланып, бұл мақсатқа 83,4 млрд. қаржы қаралды. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірді. Оның ішінде 61 жоба қаржыландырылды»,-деді қала әкімі.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай қайта өңдеу экпортының көлемін 1,5 есе – 24 млрд долларға дейін, ал еңбектің өнімділігін 30 пайызға көтеру міндетін белгіледі. Бұл бойынша қалада шикізат емес секторда экспорт көлемін ұлғайтуда 2025 жылға дейінгі мерзімде экспортқа бағдарланған 62 жоба іріктеліп, экспорттық әлеуетті 608 млрд. теңгеге жеткізу жөнінде жоспар түзілді. Биылғы жеті айда 10 жобаның экспорттық көлемі 54,5 млрд теңгені құраған.