Шымкенттегі кітапханалар жүйесінде оқырмандарды тартудың жаңа әдісі қолға алынды

128

Шымкенттегі кітапханалар жүйесінде оқырмандарды тартудың жаңа әдісі қолға алынуда. Нақтырақ айтқанда, Абай атындағы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде жаңа карталы жүйе іске қосылды. Бүгін үшінші мегаполисте осы жаңашылдықты насихаттауға арналған іс-шара өтті.

Акцияға кітапханалар жүйесінің мамандары, Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығынан 50 ерікті қатысты. Жастар қала тұрғындарына кітапханаға қатысты жаңалықты түсіндіріп, сауалнама толтырды, жаңа оқырмандарға карталар таратып берді.
– Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқуға ынталандыру. Осы мақсатта арнайы карталарды таратып бердік. Жалпы, елімізде кітапхана ісін автоматтандыру бағытында бірнеше бағдарлама қолданылады. Біздің кітапханалар жүйесінде қазіргі таңда Rabis бағдарламасы қосылып, жұмыс істеуді бастады. Бұл бағдарламада келген оқырмандардың саны, кітаптардың берілуі, жалпы, кітапхана қорына қатысты барлық мәлімет сақталады. Ал кітапханалардың карталары кез келген жастағы оқырманға қолжетімді, – дейді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Жұманова Нұрила.

Еріктілер мен кітапханашылар Шымкенттің орталық көшелері мен автобустарында, ірі сауда-сауық орталықтарында болып, қала тұрғындарына карталарды таратты. Акция барысында White card (Ақ карта) үлестірілді. Бұл картада кофеханаға 5 пайыз жеңілдік бар. Ал келесі деңгейдегі картаға ие болу үшін арнайы шарттарды орындау қажет. Осылайша кітапхана мамандары сатылап жоғарылау жүйесі арқылы оқырман қызығушылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Advertisements