ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданы аумағында газдан уланудың алдын алу акциясы өткізілді
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының қызметкерлері мен аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарымен бірлесе аудан аумағында газдан уланудың алдын алу акциясын өткізді.
“Сақ болыңыз – улы газ” акциясы барысында көпқабатты үйлерге және жатақханаларға уланудың ең көп тараған себептері, оның белгілері және газбен улану кезіндегі алғашқы жәрдем туралы жазылған ақпараттық-түсіндірме брошюралары таратылды.
Аталған жұмыстар Әл-Фараби ауданы аумағында көктем мезгіліне дейін тұрақты түрде жүргізіледі. Себебі мұндай іс-шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға тікелей септігін тигізеді.
Үйлер мен пәтерлерде жанып тұрған газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға, олардың қалыпты жұмыс істеуіне үй иелері жауапты екенін есте сақтаған жөн.
Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 1 102 мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың үйлеріне газ дабыл қаққыш құрылғысы орнатылған. Өткен жылы тұрмыс жағдайы төмен 10 отбасыға пилоттық жобада газ дабыл қаққыш орнатылған болатын. Нәтижесіде екі рет дабыл беріп, 5 адам улы газдан уланудан аман қалды. Осы жұмыстар демеушілер есебінен жасалынған.